28.03.2019
«Қош келдің, төрлет, Наурыз!»
Мақсаты:
Отанын, елін, жерін, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеуге тәрбиелеу.
Имандылық, инабаттылық, ізеттілік қасиеттерін қалыптастыру.
Көрнекілігі: Нақыл сөздер, ұлттық бұйымдар, ұлттық тағамдар, т.б.
Мейрам өтетін жер салт- дәстүрлерге байланысты жабдықталады. Балалар ұлттық киімдерін киіп келеді.
Жүргізуші:
«Наурыз құтты болсын!»
«Жыл басы – Наурыз!»
«Құт береке мейрамы- Наурыз жасасын!»
Залда әсем әуен ойналып тұрады.
О, халайық, халайық!
Шырқап әнге салайық
Көптен күткен ұлы той,
Құшақты кең ашайық!
«Ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын!
Қайда барсаң жол болсын!»
Армысыздар құрметті қонақтар! Бүгінгі наурыз мерекелеріңіз құтты болсын!
Әр отбасына бақыт пен байлығын ала келсін!
Нұрдәулет:
Жыршы құстар көп келді,
Гүлдер жапты бөктерді.
Кел, балалар, әнменен
Қарсы алайық көктемді.
Әже:
Тойларың - тойға ұласа берсін! Мен де, бұл тойға құр қол келмедім, өзіммен шашуымды да ала келдім.
- Рақмет, әже ! Алыс жолдан шаршап келдіңіз ғой, мына үстелге отырып ,сәл демалып алыңыз!
Мөлдір:
Келе жатыр жылымыз,
Мейрамдаймыз мұны біз.
Халқы сүйген мейрамды
Қарсы алайық Наурызды!
(Музыка ойналып,Наурыз ортаға шығады)
Жанел:
Жайнатамын бар гүлді,
Сайратамын бұлбұлды.
Шуақты көктем нұрымен,
Төгілтіп ән мен күй жырды,
Елжан:
Тіршіліктің бастауы,
Келіп тұр, міне, жаңадан
Наурыз айы мен болам!
«Ханталапай » ойыны ойнатылады.
⦁ Көктемнің алғашқы айы қалай аталады?
⦁ Наурыз сөзінің мағынасы қандай?
⦁ Наурыз көжеге қандай тағамдар қосылады?
⦁ Ұлттық тағамдарды ата.
⦁ Өтірік өлең айтып бер.
⦁ Қандай мақал-мәтелдер білесің?
⦁ Халық ауыз әдебиетінде кездесетін кейіпкерлерді ата.
⦁ Көктемде алғаш шығатын гүл қалай аталады?
⦁ Күн мен түн теңелетін көктем айы
⦁ Бала жасқа толғанда жасалатын дәстүр
⦁ Наурыз тілек айтып бер.
⦁ Үш биді ата
⦁ Оқушыларымыздың жаттаған өлеңдеріне кезек берейік.
Рустам:
Қош келіпсің Наурыз!
Арман тойы халықтың.
Қунышы халықтың,
Құтты болсын қадамың!
Дэниз:
Уа, халайық, халайық,
Шырқап әнге салайық.
Наурыз тойын көңілді,
Бірге қарсы алайық!
Асель:
Жаңа ағытқан қозыдай,
Жамырасып өрістен.
Ұлыс күні кәрі жас,
Құшақтасып көріскен.
Айым:
Ата- бабам тойлаған,
Наурызым, армысың!
Қызығына тоймаған,
Дарқан дала, қарлы шың.
Гүлназ:
Қауыша алмай қанша жыл,
Қалдық сенен адасып.
Сағындырып сен келдің,
Төрлет, есіктің бәрі ашық!
Ботакөз:
Арпа,бидай бастаған
Жеті дәмнен аспаған,
Наурыз көже ежелден
Бұл тойдағы бас тағам.
Еркінбек:
Наурыз мейрам жүректкерге нұр сепкен,
Маңдайымнан сүйіп жатыр гүл көктем.
Жарығыңмен,шуағыңмен Күн-Ана,
Алып келдің жер бетіне гүл көктем.
Бүгінгі мейрамға бізге бата беруге арнайы Қыдыр ата мен Аяз да келіпті. Келіңіз ата төрлетіңіз!
(Қыдыр ата мен Аяздың айтысы)
Ақбота:
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын.
Қайда барса жол болсын!
Ұлыс бақты болсын,
Меруерт:
Төрт түлік ақты ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін!
Жүргізуші:
Наурыз құтты болсын!
Дендеріміз сау, мықты болсын!
Наурыз тойы келе берсін!
Барлық халық бақытты болсын,
Қош, сау болыңыздар, халайық!
Көріскенше күн жарық болсын!
2 а және 3 а сынып оқушыларының биіне кезек берейік.
⦁ Наурызды әлемде көптеген мемлекеттерде атап өтеді, әсіресе, түркі тілдес халықтар мен мұсылман елдерінде кең тараған.
Түрік елі: Ежелгі түріктер Ұлыс күндері жаңа киімдерін киіп,сақал мұрттарын түзеп,шаштарын алады.Алты күн садақ тартып машықтанған соң жетінші күні алтын теңге – «жамбы» атып жарысады.Егер кімде – кім жамбыны бірінші боп атып түсірсе,сол адамға «бір күн» патша болуға, ел билеуге ерік беріледі.
Иран елі: Иран патшасы Наурыз күні қол астындағы адамдардың біріне патша шапанын сыйға тартады екен.Тіліміздегі күні бүгінге дейін айтылатын «Құлға бір күн азаттық» деген сөз осы бір көне рәсімге қатысты болса керек.
1 а сынып оқушыларының орындауында «Көктем келді» әнін қабыл алыңыздар.
Парсы тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған.Олар бұл күні әр жерге үлкен от жағып отқа май құяды,жаңа өнген жеті дәнге қарап,келешек егін жайлы болжам жасайды. Жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже «сумалақ» ұсынады.Соқамен жер жыртады,ат шаптырып,жамбы атысып жарысады.Ескі киімдерін тастап,ұсталған шыны аяқты сындырады.бір – біріне гүл ұсынып,үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою –«күн» белгісін салады,үйдің тіреу ағашына гүл іледі.
Наурызшешек – наурыз айында өсетін жапырақты, түрлі түсті гүлді, қауашақты әсем шөп. Майының дәрілік қасиеті бар. Қазакстанның таулы аймақтарында оның бірнеше түрі өседі. «Наурызшешек» «Қызыл кітапқа» енген, сирек кездесетін бағалы өсімдік.
3 а сынып оқушыларының орындауындағы «Наурыз» әнін тыңдаңыздар
Наурызек – наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Қарасы шағын ғана, осы құсты шығыс елі күтіп жүреді. Оны алғаш көргендер «Наурызегім келдің бе?» деп шақырып жем шашады. Наурызекті ешкім қумайды, үркітпейді.
Наурызнама – шат-шадыман, ойын – сауық. Тойда ат жарыс, палуан күрес, басқа да спорт сайысы, айтыс, түрлі ойындар өткізіледі, көңілді жұмбақтар, ән, өлеңдер, наурыз жырлары айтылады. Наурызнамада қыздар жиналып бас қосып, ұйқыашар әзірлейді. Ол ет, уыз сияқты дәмді тағамдардан жасалады. Жігіттер қыз – келіншектерге сақина, сырға, айна, тарақ сияқты сыйлықтар береді. Оны «селт еткізер» деп атайды.Бұл дәстүрлі сыйлықтағы айна пәктікпен жастықтың, тарақ әдемілік пен сұлулықтың, иіссу - бүршігін жаңа жарған жауқазындай құлпырудың, жайнай түсудің белгісі.
2 а сынып оқушылары «Қош келдің жаңа жылым қазағыма» әні
Бұл күні қарттарға арналып жылы – жұмсақ тағамдардан «белкөтерер»
деп аталатын дәм дайындалып таратылады.
Наурызша. Наурыз айында жұп – жұқа, қиықша қырбық қар түседі.Оны халық «наурызша» деп атайды.
4 а сынып оқушылары «ауылдағы той» әнін қабыл алыңыздар.
Наурызкөже – Наурыз тойына тән көпшілікке арналған мерекелік тағам. Оны әр үй жеті түрлі дәмнен( сүт,ет,су,тұз,тары,құрт,т.с.с.) жасап, оған қазы,шұжық сияқты сыйлы мүшелер қосып мерекемен құттықтауға келгендерге ықыласпен ұсынады. Наурызкөженің дәстүрлік, мерекелік, ұлттық тағылымы өте зор.
Қазақ халқы – салт - дәстүрге өте бай халық. Ал салт - дәстүрге бай болу елдің мәдениетті әрі тәрбиелі екенін айғақтайды.
Салт-дәстүрлер:
Бесікке салу.
Тұсаукесер
⦁ Еліміз бірлікте, ұрпағымыз өрлікте болсын демекпіз! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Өткізгендер: Хинаят А.
Табатаева А.Қ.
Темірбек Ж.